Шымкент қаласында жергілікті бюджет қаржысы есебінен екі медициналық ұйымға заманауи компьютерлік томография (КТ) аппараты сатып алынып, пайдалануға берілді.
Қалалық балалар клиникалық ауруханасы мен Онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханаға орнатылған компьютерлік томография ағзадағы түрлі патологиялық өзгерістерді жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік беретін заманауи диагностика әдістерінің бірі. Бұл аппараттардың көмегімен дәрігерлер науқастарға нақты әрі жылдам диагноз қойып, тиімді ем тағайындай алады.
Сонымен қатар, жаңа КТ аппараттары зерттеу нәтижелерін қысқа уақыт ішінде алуға мүмкіндік береді. Бұл дәрігерлердің клиникалық шешім қабылдауын жеделдетіп, пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Осылайша мегаполистің медицина ұйымдарындағы ескі құрылғылар жаңартылып келеді. Жоспарлы жұмыс тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырып, ауруларды ерте анықтауға және тиімді ем жүргізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдарда жалпы 26 компьютерлік томография (КТ) аппараты жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі шұғыл және мамандандырылған медициналық көмек көрсететін ұйымдарда орнатылған.

