Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады
Биыл қала аумағында 21,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Оның ішінде дәнді дақылдар – 6,4 мың гектарды, майлы дақылдар – 3,0 мың гектарды, мал азықтық дақылдар – 9,9 мың гектарды, ал көкөніс пен бақша дақылдары – 1,8 мың гектарды құрайды. Көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатында шаруаларға 312 тонна дизель отыны бөлініп, оның жеңілдетілген бағасы литріне 281 теңге болып бекітілген. Қазіргі уақытта шаруашылықтармен үйлестіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қаланың сәулеттік келбетін жақсарту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Астана шағынауданында гүл сатуға арналған арнайы гүлдер аллеясының құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба гүл саудасын жүйелеп, кәсіпкерлерге біркелкі мүмкіндік ұсынып қана қоймай, қаланың көріктілігін арттыруға ықпал етеді. Осы бағытта қала әкімінің өкіміне сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылып, гүлдер аллеясындағы сауда нысандарына арналған үздік эскиздік жобаларды анықтау бойынша конкурс ұйымдастырылды. 2025 жылғы 23 мамырда басқарманың ресми сайтында және әлеуметтік желілерде конкурс туралы хабарлама жарияланып, кәсіпкерлерден өтінімдер қабылданды. Нәтижесінде ұсынылған жобалар сараланып, үздік эскиздер анықталды. Конкурс талаптарына сәйкес кәсіпкерлер белгіленген аумақта бекітілген жобалар негізінде гүл сату павильондарын салу жұмыстарын жүргізуде. Қала әкімдігі тарапынан кәсіпкерлерге жерді ұзақ мерзімді жалға беру және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда гүл сату павильондарының құрылысы аяқталу сатысында, ал олардың қызметі кәсіпкерлердің өздері немесе жалға беру арқылы жүзеге асырылып, тұрғындарға сапалы әрі қолайлы қызмет ұсынуға мүмкіндік береді.

