19/10/2026

КЕНТАУДАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙДЕГІ ӨРТТІҢ САЛДАРЫН ЖОЮ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Кентау қаласындағы Төле би көшесінде орналасқан тұрғын үйде болған өрт оқиғасынан кейін тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында пәтер иелерінің жағдайы талқыланып, оларды қажетті қолдау шаралары қарастырылды.

Бүгін қаладағы үш қабатты, 14 пәтерлі тұрғын үйдің шатырынан өрт шықты. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері үш минут ішінде жетіп, төтенше жағдайлар қызметінің күштерімен 32 адам, оның ішінде 7 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Өрт 250 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнына облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов және тиісті қызметтердің өкілдері барып, қалыптасқан жағдаймен танысты. Тұрғындармен жүздесу барысында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, туындаған мәселелерді шешу және қажетті көмек көрсету мәселелеріне назар аударылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт салдарынан жоғарғы қабаттағы пәтерлер зардап шеккен. Қазіргі таңда келтірілген материалдық шығын көлемі есептеліп, өрттің шығу себептері анықталуда.
Тұрғындарға қолдау көрсету бойынша жергілікті атқарушы органдар мен тиісті қызметтер бірлесіп жұмыс жүргізуде. Жағдай облыс басшылығының бақылауында. Зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсету шаралары жалғасады.