REGIONINFO.KZ | НҰРТАС ШАҒЫНАУДАНЫНДА 10 КӨШЕДЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
03/04/2026

НҰРТАС ШАҒЫНАУДАНЫНДА 10 КӨШЕДЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қала аумағын аралау барысында Нұртас шағынауданындағы бірқатар көшелердің жағдайы назарға алынды. Тексеру нәтижесінде шағынаудандағы 10 көшеде асфальт жабынының отыру фактілері анықталып, жол сапасының төмендегені белгілі болды.

Аталған көшелерде 2023 жылы кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары басталып, 2024 жылы нысан мемлекеттік қабылдаудан өткен. Дегенмен, соңғы уақыттағы жауын-шашын салдарынан жол жабынының кейбір бөліктері шөгіп, асфальт қабатының бұзылуына әкелген. Бұл өз кезегінде тұрғындар үшін қолайсыздық тудырып, жол қауіпсіздігіне әсер етуде.

Қала әкімі орын алған жағдаймен жеке танысып, жауапты мердігер мекеме — «Тараз Строй 2004» ЖШС-не жол жабынын қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алу міндеті тапсырылды.

Жоспарға сәйкес, жөндеу жұмыстары барысында жолдың негізі толықтай нығайтылып, зақымданған учаскелерде қайта асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар жолдың ұзақ мерзімге шыдамдылығын арттыруға және болашақта мұндай ақаулардың алдын алуға бағытталған.

Мердігер компания жөндеу жұмыстарын алдағы аптада бастауды жоспарлап отыр. Жұмыстар қысқа мерзім ішінде аяқталып, тұрғындардың игілігіне сапалы жол пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Айта кету керек, қала басшылығы инфрақұрылым нысандарының сапасына ерекше назар аударып, мердігерлердің жауапкершілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл ретте әрбір жоба бойынша бақылау күшейтіліп, анықталған кемшіліктер жедел түрде түзетілуде.

Нұртас шағынауданындағы жол жөндеу жұмыстары – қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.