REGIONINFO.KZ | ПРЕЗИДЕНТ DIGITAL QAZAQSTAN ХАЛЫҚ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН ҚҰЖАТ БОЛУҒА ТИІС ДЕП САНАЙДЫ
14/03/2026

ПРЕЗИДЕНТ DIGITAL QAZAQSTAN ХАЛЫҚ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН ҚҰЖАТ БОЛУҒА ТИІС ДЕП САНАЙДЫ

Президент Digital Qazaqstan халық мүддесіне қызмет ететін құжат болуға тиіс деп санайды
Дегенмен шұғыл шешімін табуға тиіс бірқатар мәселе де бар.

– Мемлекеттік аппарат қызметін цифрландыруды жеделдету қажет. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа ауыстырылған. Ведомствоаралық ақпарат жүйелері біріздендірілген үдеріске кіріктірілмеген. Жеделдік пен сапа барлық кезеңде басымдыққа айналуға тиіс. Бұған дейін айтқанымдай, адамдарды жүгіртіп, әуре-сарсаңға салмай, деректерді барынша қолжетімді еткен жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Digital Qazaqstan стратегиясында қағазбастылықтан арылып, ішкі процестерді түбегейлі қайта құруға баса мән беру қажет.

– Цифрландыру мен бюрократия от пен су сияқты бір біріне кереғар құбылыстар. Біз заманауи технологияларды ескірген бюрократияның тар шеңберіне қамауға тырыспай, жаңаша жұмыс істеп үйренуіміз керек. Заманауи цифрлық мемлекет жасанды интеллектіге бейімделуге және ауқымды деректер қорын оңтайлы пайдалануға міндетті. Осынау жаңа әрі күрделі саланың маманы – сіздер. Қайткенде де, солай аталасыздар. Ендеше не тұрыс? Бізге нәтиже керек. Жасанды интеллект туралы жаңалықтарды үнемі оқып отырамын. Технологияның қарқынды дамып келе жатқаны соншалық, Қазақстанның цифрлық келешегіне алаңдай бастайсың. Меніңше, процесс өте баяу жүріп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке мемлекеттік аппаратты түбегейлі трансформациялау міндетін жүктеді. Бұл істі үйлестірумен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі айналысады.

✔️Қасым-Жомарт Тоқаев ведомство жыл соңына дейін өзгелерге үлгі көрсетіп, азаматтармен, бизнеспен және мемлекеттік органдармен қарым-қатынастың жаңа форматына бірінші болып ауысуы керек екенін атап өтті.

✔️Президент AI-Sana бағдарламасын одан әрі дамыта отырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды.