Шымкент қаласында 17–20 наурыз аралығында өткен «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды.
Ауқымды тексерулер барысында полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасының талаптарын бұзған 710 тұлғаны анықтады.
Құқық бұзушылардың қатарында шетел азаматтары да, қазақстандықтар да бар. Олардың барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Іс-шара барысында елімізде болу қағидаларын сақтамай жүрген тұлғалар анықталып, нәтижесінде 276 шетел азаматы қабылдау-тарату орнына орналастырылды.
Сонымен қатар, сот шешімімен 103 шетел азаматы мен азаматтығы жоқ тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды.
Өткізілген іс-шаралар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Полиция көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда және азаматтарды белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады.

