Шымкент қаласында Наурызнама онкүндігі аясындағы мерекелік іс-шаралар жалғасуда. Бүгін Ұлттық спорт күніне орай қаладағы жаңа атшабар аумағында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Іс-шараға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары қазақ күресі, аударыспақ, қыз қуу және теңге ілу секілді дәстүрлі спорт түрлерін тамашалады.
Алғашқылардың бірі болып теңге ілу сайысы өтті. Жарысқа тәжірибелі спортшылар қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Олардың қатарында әлем чемпионы, Көшпенділер ойындарының жеңімпазы Бақыт Төлтай да бар. Сайыс барысында спортшылар шапшаңдық пен дәлдікті талап ететін «Жеті құт» стилі бойынша сынға түсіп, белгіленген қашықтықта орналасқан теңгелерді іліп алудан бақ сынады.
Айта кету керек, Шымкент қаласында бұған дейін теңге ілуден әлем чемпионаты мен Азия кубогы сынды ірі жарыстар өткен. Бүгінгі бәсеке ұлттық құрама спортшылары үшін алдағы маңызды додаларға дайындықтарын пысықтауға мүмкіндік берді.
Жарыс барысында қазақ күресінің балуандары да бозкілемге шығып, өзара мықтыны анықтады. Сонымен қатар, көрермендер аударыспақ пен қыз қуу сайыстарына куә болып, ұлттық спорттың көркем үлгісін тамашалады.

Іс-шара қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, үздік спортшыларға құрмет көрсетілді.
Ұлттық спорт күні аясындағы бұл жарыстар көпшілікке ерекше әсер сыйлап, ата-бабадан мұра болған ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

