Шымкент қаласында полиция қызметкерлері электрондық тұтыну жүйелерін заңсыз сату жайттарының жолын кесті.
Профилактикалық іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары қаладағы дүкендердің алдында вейп өнімдерін сатып жүрген екі ер адамды анықтады.
Сонымен қатар полицейлер электрондық тұтыну жүйелерін мессенджер арқылы сатуды ұйымдастырған Түркістан облысының тұрғынын да әшкереледі. Бұл мақсатта ер адам мессенджерде арнайы топ ашып, онда вейптерді жарнамалап, сатумен айналысқан.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде құқық бұзушылардан шамамен 100 дана электрондық тұтыну жүйелері тәркіленді.
Қазіргі таңда аталған жайттар бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Полиция шегілмейтін темекі бұйымдарының және вейптердің айналымы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

