11/11/2026

ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІ БАСТЫ НАЗАРДА: НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ БӘЙДІБЕКТІКТЕРДІҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындарды жеке қабылдап, олардың талап-тілектері мен өтініштерін тыңдады.

Қабылдау барысында тұрғындардың басым бөлігі білім және инфрақұрылым саласына қатысты мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, елді мекендерде спорт нысандары мен жаңа мектептер салу, аудандық және ауылішілік жолдарды жөндеу мен кеңейту, интернет пен ұялы байланыс сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді бөлу, суармалы жер алу, кәсіпкерлікті қолдау, тұрғын үй және әлеуметтік көмек алу мәселелері көтерілді.
Бірқатар мәселе сол мезетте шешімін тапса, зерделеуді қажет ететін мәселелер бойынша тапсырмалар жүктелді.
Облыс әкімі азаматтарға әрбір өтініштің назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, көтерілген мәселелер жан-жақты зерделенетінін жеткізді. Осыған орай аудан әкімдігіне және тиісті басқармаларға әрбір мәселе бойынша қолданыстағы заңнама аясында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шешу жолдарын қарастыруды міндеттеді. Сондай-ақ жауапты басшыларға тұрғындардың өтініштерін формалды қараумен шектелмей, олардың оңтайлы шешілуін бақылауға алуды тапсырды.