Республика күні қарсаңында Сарыағаш ауданында салтанатты түрде бірнеше жаңа нысан ашылып, пайдалануға беріледі. Соның қатарында Ақжар елді мекенінде орналасқан дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Баршаңызды келе жатқан ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – еліміздің егемендігі мен бірлігінің және дамуының берік негізін қалаған тарихи сәт. Осы ұлы мереке қарсаңында ауданда жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа медициналық нысандар салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыс тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге ерекше көңіл бөліп келеміз. Биыл өңірімізде 25 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 4-еуі Сарыағаш ауданында орналасқан. Атап айтқанда, Ақжар, Бостандық, Дихан-Баба ауылдарында дәрігерлік амбулатория, ал Дархан ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда. Бұл жұмыстардың мақсаты – әрбір тұрғынның сапалы медициналық қызмет алуына жағдай жасау. Бүгін Сарыағаш ауданында пайдалануға беріліп отырған дәрігерлік амбулатория – осы жүйелі жұмыстардың нақты жемісі. Денсаулығы мықты ұлт қана қуатты мемлекет құра алады. Сондықтан денсаулық сақтау саласына бағытталған әрбір инвестиция – халықтың саулығы мен елдің жарқын болашағына қосылған үлес. Осы орайда, жаңа медициналық орталықтыңұжымына абыройлы еңбек, аудан тұрғындарына зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін! – деді өңір басшысы.
216 млн теңгені құрайтын жобаны «Mynbai» ЖШС жүзеге асырды. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың мамыр айында басталды.
Жалпы ауданы 460 шаршы метрді құрайды. Аталған медициналық нысанда 13 жаңа жұмыс орны ашылып, бір мезетте 25 тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік жасалған. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген амбулатория Ақжар ауылдық округіндегі 8 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетеді.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимараттың лента қию рәсімі өтіп, облыс әкімі жергілікті зиялы қауым өкілдерімен бірге нысанды аралап көрді.
Шара барысында қуанышты бөлісуге келген өңір басшысына ауыл тұрғындары өз ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта дертіне шипа іздеген ауыл халқы осы пунктке келіп, дәрігерлердің нұсқаулығы бойынша ем-шараларын қабылдайды.

