REGIONINFO.KZ | ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «AI STARTUP HUB» ИННОВАЦИЯЛЫҚ КЕҢСЕСІ АШЫЛДЫ
14/03/2026

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «AI STARTUP HUB» ИННОВАЦИЯЛЫҚ КЕҢСЕСІ АШЫЛДЫ

📍Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде цифрландыру және жасанды интеллект негізіндегі жобаларды әзірлеуге бағытталған «AI STARTUP HUB» инновациялық кеңсесі ашылды. Сондай-ақ университет мамандары әзірлеген AI-Jan жобасын өңірлік деңгейде енгізу бойынша ведомствоаралық меморандумға қол қою рәсімі өтті.
▪️Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау бастамасы аясында іске асты.
▪️AI STARTUP HUB инновациялық офисі – университетте цифрландыру, жасанды интеллект негізіндегі жобаларды әзірлеу, инновациялық кәсіпкерлік экожүйесін дамыту және стартаптарды қолдауға бағытталған орталық. Кеңсе оқу орнының Өкілетті Кеңесі тарапынан қаржыландырылып, жабдықталды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы Арыстанғани Заппаров, Түркістан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Аян Акбердиев, Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, университет ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі м.а Нажи Генч, басқа да жауапты тұлғалар қатысты.
▪️Жаңа кеңседе AI-Jan жобасын өңірлік деңгейде енгізу бойынша ведомствоаралық меморандумға қол қою рәсімі де өтті. Құжат Қазақстан Республикасы Президентінің «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру, сондай-ақ өңірде цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын әлеуметтік маңызы бар салаларға енгізу бағытындағы басым міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қабылданды.
▪️Меморандумға жоғарыда аталған мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымының басшылары қол қойып, жобаны өңірде бірлесіп іске асыруға уағдаласты.
▪️Айта кетейік, AI-Jan – білім беру ұйымдарындағы буллинг, психологиялық қысым, әлеуметтік оқшаулану, құқықбұзушылық тәуекелдері және суицидтік қауіптерді ерте анықтауға арналған профилактикалық цифрлық платформа. Платформаның басты ерекшелігі – толық анонимді хабарлама қалдыру мүмкіндігі және тәуекелдерді ЖИ арқылы талдау. Бұл тәсіл жасырын тәуекелдерді ерте кезеңде анықтап, алдын алу шараларын дер кезінде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
▪️Ал меморандумның басты мақсаты – осы AI-Jan платформасын Түркістан облысының мектептері мен колледждерінде кезең-кезеңімен енгізуге арналған ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін бекіту, тәуекел сигналдары бойынша жедел әрекет ету тетіктерін айқындау. Сондай-ақ профилактикалық жұмысты жүйелеу.
Жоба жасанды интеллект негізіндегі талдау арқылы тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға, жасырын қауіптерді алдын ала көруге және ведомстволардың өзара әрекетін нақты уақыт режимінде үйлестіруге бағытталған.
Іс-шара барысында АҚШ-тың Silicon Valley экожүйесінде тіркелген «ATARINO» компаниясымен де онлайн форматта ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
▪️Компанияның негізін қалаушы, тәжірибелі қазақстандық стартапер Ардақ Құсайынова мен ректор Жанар Темірбекова құжатқа қол қойды.
Бұл келісімнің мақсаты – университеттің стартап экожүйесін халықаралық деңгейге шығару. Сондай-ақ, тәжірибе алмасуға, бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруға және отандық стартаптарды халықаралық нарыққа шығару.
▪️Жаңа инновациялық офис оқу орнының жасанды интеллект пен стартап жобаларын дамытуға жаңа серпін бермек. Бұл бастамалар өңірде инновациялық экожүйені қалыптастырып, жас зерттеушілер мен студенттердің технологиялық жобаларын халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік ұсынады.