Шымкентте қала тұрғыны Василий Колесниковтың өліміне қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстық істі қарау аяқталды. Алты сотталушы адам ұрлау және аса қатыгездікпен кісі өлтіруді қоса алғанда, бірқатар ауыр қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оларды 20 жылдан 23 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Қатыгез қылмыс биыл 20 қаңтарда Шымкенттің адам көп жүретін көшелерінің бірінде болған. Суық қару қолданылған күндізгі жанжал мен одан кейінгі адам ұрлау сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Василий Колесниковпен бірге көлікте оның екі танысы болған. Олар аман қалғанымен, жәбірленушілердің бірі ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқан. Оның өміріне қауіп төнген.
Іс материалдарына сәйкес, жанжал қарулы шабуылға ұласқан. Василий Колесниковты күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Оқиға күндіз, айналадағы адамдардың көз алдында болған. Алайда полиция қызметкерлері шабуыл жасағандар оқиға орнынан із суытып үлгергенге дейін жетіп бара алмаған.
Бірнеше сағаттан кейін ұрланған ер адамның мәйіті Шымкенттен шамамен 100 шақырым қашықтықтағы Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылынан табылды. Тергеу нұсқасы бойынша, Колесниковты аяусыз соққыға жыққан. Соның салдарынан ол көз жұмған.
Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, қылмысқа қатысы бар адамдарды ұстады. Нәтижесінде сот алдында бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылған алты ер адам жауап берді.
Оларға адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы пышақ қолданып бұзақылық жасау, бұзақылық ниетпен адам өлтіруге оқталу, сондай-ақ өмірге қауіпті күш қолдану және қару пайдалану арқылы адамдар тобының адам ұрлауы, кейіннен аса қатыгездікпен кісі өлтіру айыптары тағылды.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алты сотталушының барлығын кінәлі деп таныды. Судья Әбінұр Қарабаев сот үкімін жариялап, төмендегідей жаза тағайындады:
- Арысбаев — 23 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Інкәрбеков — 22 жыл;
- Қызбалаев — 22 жыл;
- Ерімбет — 21 жыл;
- Қуандықов — 20 жыл 6 ай;
- Жұманазар — 20 жыл.
Осылайша, қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстық істің фигуранттары алдағы 20 жылдан астам уақытын түрмеде өткізеді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар заңнамада белгіленген тәртіппен сот шешіміне шағымдануға құқылы.

