30/10/2026

МАҚТААРАЛДАҒЫ «TURAN» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАР ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына барды. Сапар барысында Жамбыл ауылдық округінде орналасқан «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың құрылыс барысымен танысты.

Қазіргі таңда аумағы 102,3 гектарды құрайтын экономикалық аймақта жалпы құны 100,9 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 845 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобаларды толық іске асыру 2028 жылға жоспарланған.
Облыс әкіміне аймақтағы инфрақұрылымдық жұмыстар мен өндірістік жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, «BNK Group Ltd» компаниясына тиесілі 8 қойманың құрылысы толық аяқталған. Қазіргі уақытта оларды кәсіпкерлерге беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ құны 75 млрд теңгені құрайтын Hanya International Holdings компаниясының логистикалық орталық құру жобасы, «Food Waste» ЖШС-нің қалдықтарды өңдеу өндірісі, «КАЗ ПРО ТЕМИР» ЖШС-нің металл өңдеу зауыты және «Мақтаарал Xing Feng» мақта өңдеу кәсіпорнының құрылысы таныстырылды.
«Мақтаарал Xing Feng» ЖШС-нің өндіріс орны ашылса, жылына 10 мың тонна мақта талшығын және 10 мың тонна мақта мен өсімдік майын өңдеу көзделген. Кәсіпорын іске қосылғанда 100 жаңа жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі өндірісті дамыту, терең өңдеуді жандандыру маңызды екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында халықтың әл-ауқатын жақсарту, өңірлерді дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осы бағытта жүмысты жандандырып, аудардарда жұмыс орындарын көбейту керек. Жобаларды сүйемелдеу, инвесторларды тарту жұмысы күшейтілсін, – деді облыс әкімі.