Түркістан қаласында түркі мемлекеттері арасындағы шахмат чемпионаты өтіп жатыр. Халықаралық додаға жеті елден 24 шахматшы қатысып, ерлер, әйелдер және сеньорлар арасындағы үш жекелей турнирде чемпиондық атақты сарапқа салуда.
Қазақстан, Әзербайжан, Мажарстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан өкілдері қатысып жатқан жарыста ерлер мен әйелдер арасындағы турнирлердің жалпы жүлде қоры 40 миллион теңге.
Чемпионаттың ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров халықаралық доданың маңыздылығына тоқталып, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Бүгін киелі Түркістан төрінде бауырлас түркі елдерінің үздік шахматшылары бас қосып отыр. Бұл жарыс – тек спорттық бәсеке ғана емес, мемлекеттер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаң. Өңірімізде шахмат спортына ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде облыста 2200-ден астам спортшы шахматпен тұрақты айналысады. Оларға 87 жаттықтырушы тәлім береді. Жас шахматшыларымыз Әсия Асылхан мен Айару Алтынбек халықаралық деңгейде өңір намысын абыроймен қорғап жүр. Алдағы уақытта да шахматтың дамуына қолдау көрсете береміз», – деді Ғалымжан Худияров.
Айта кетейік, Түркі шахмат қауымдастығы 2025 жылы Астанада құрылған. Биыл ұйымға төрағалық ету міндеті Қазақстанға жүктелді. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – түркі мемлекеттері арасындағы шахмат байланысын нығайту, бірлескен жарыстар өткізу, жас шахматшыларды қолдау және халықаралық тәжірибе алмасуды дамыту.
Қазақстан құрамасы сапында әр санатта екі ойыншыдан, жалпы алты шахматшы ел намысын қорғайды. Әйелдер арасында Самарқанда өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдегерлері Елназ Қалиахмет пен Зарина Нұрғалиева бақ сынаса, ерлер арасында Денис Махнёв пен Сауат Нұрғалиев сынға түсуде. Ал сеньорлар санатында тәжірибелі гроссмейстерлер Павел Коцур мен Пётр Костенко өнер көрсетеді.
Жарыстың жүлде қоры да қомақты. Ерлер арасында жеңімпазға 7 миллион теңге, әйелдер арасында 4 миллион теңге табысталады. Сонымен қатар сеньорлар санатындағы үздік ойыншылар бағалы сыйлықтармен марапатталады.

