21/11/2026

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 20 ЖАСТАҒЫ ЖІГІТТІ ӨЛТІРІП, ДЕНЕСІН ӨРТЕГЕН 9-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ 8 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Түркістан облысында 20 жастағы жігіттің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Ауыр қылмыс жасады деп айыпталғандар қатарында 9-сыныпта оқитын кәмелетке толмаған қыз бар. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол жас жігітті өлтіріп, кейін қылмыс ізін жасыру мақсатында оның денесін өртеген.

Оқиға биыл мамыр айында Ленгір қаласында болған. Қараусыз қалған ғимараттардың бірінен жас жігіттің мәйіті табылған. Көп ұзамай құқық қорғау органдары қылмысқа күдікті ретінде мектеп оқушысын ұстаған.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қылмыс алдын ала жоспарланған. Қыз кездесуге бір күн қалғанда пышақ сатып алып, кейін жігітті кездесуге шақырған. Кездесу барысында оған бес-алты рет пышақ сұғып алған.

Одан кейін жігіттің қайтыс болғанына көз жеткізген бойжеткен дүкеннен жанғыш заттар сатып алып, оқиға орнына қайта оралған. Сол жерде марқұмның денесін өртеген. Сараптама қорытындысы бойынша, марқұм денесінің шамамен 30 пайызы күйген.

Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың төрағасы Дәурен Мадалиевтің айтуынша, сот отырысы кезінде айыпталушы марқұмның өзін зорламақ болғанын мәлімдеген. Алайда бұл уәж сотта дәлелін таппаған.

Сот істі қарау нәтижесінде кәмелетке толмаған қызды қасақана адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, оны сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Сотталған жасөспірім жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сот үкімі 20 қарашада шығарылды.