19/11/2026

Оңтүстіктің Мақтаарал ауданы шынайы еңбекқорлар мекені, диқандардың даңқты ауданы болып саналады. Осы ауданда мемлекет қаржысын түрлі тәмсілдермен игеру соңғы кезде үрдіске айналған сыңайлы. Редакциямызға қоғам белсендісі О. Асабаев мырзаның арызы түрткі болды.

Ақпаратымыздың мәйегі 14-18 миллионға салынған дәретхана жайлы болмақ! Иә, дәл осы соманы ерекше жандарға қоғамдық дәретхана салуға жұмсаған. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қомақты қаржы. Бірақ нәтижесіне қарасаң, жағаңызды ұстайсыз. Қарапайым ғана дәретхананың бүгінгі жағдайы осындай қаражатқа салынған нысанға мүлде ұқсамайды. Сапасы сын көтермейді, сыртқы көрінісі көңіл көншітпейді. Ал ішкі жағдайы мен жабдықталуына қарасаң, миллиондар қайда кеткен деген заңды сұрақ туындайды.

Біреулер үшін 14-18 миллион теңге – жай ғана есептегі сан шығар. Ал қарапайым халық үшін бұл – жылдар бойы жиналатын, талай әлеуметтік мәселені шешуге болатын қомақты қаржы. Осынша ақшаға салынған нысан неге осындай күйге түсті? Құрылыс кезінде қандай материалдар пайдаланылды? Жұмыс сапасы қандай талаптарға сай бағаланды? Әлде қағаз жүзіндегі есеп пен шынайы нәтиженің арасында үлкен айырмашылық бар ма?

Осы сауалдарға жауап іздеп, жауапты мекеме басшысына жүгіндік. Алайда әңгіме барысында одан да қызық жағдайға куә болдық. Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрғали Сәрсенбекұлы Елшібаев өзі басқаратын салаға қатысты нысанның нақты құнын атай алмады. Құрылысқа қанша қаражат жұмсалғанын білмейтінін айтты. Оның орнына нысан бірнеше рет тексеруден өткенін алға тартты.

Зерттеу барысында аталған бөлімді Мырза Мұса Асқарұлы есімді азамат басқарған екен. Бұл азаматқа да бірнеше рет ұялы байланыс арқылы қоңырау шалдық, бірақ тиянақты жауап ала алмадық. Қазіргі таңда ол Мақтаарал ауданына тиесілі үлкен ауыл округі әкімінің орынбасары екен, яғни мемлекеттік қызметте отыр.

Мәселе мынада: осындай қомақты қаржыға салынған нысанның жай-күйіне қатысты сұрақ қойылып отыр. Ал жауапты басшы нақты соманы білмейді. Сонда бұл нысанның қаржылық құжаттары кімнің қолында? Бюджет қаражатының қалай жұмсалғанын кім бақылайды? Құрылысқа бөлінген ақшаның әр теңгесі қайда кеткенін анықтап беретін жауапты тұлға табылмағаны ма?

Басшының айтуынша, дәретхана 2018 жылы салынған. Яғни, Мырза Мұса Асқарұлының тұсында басталған жағдай. Ал өзі бұл қызметке 2023 жылы келген. Бірақ бұл жауапкершіліктен жалтаруға негіз бола алмайды. Өйткені мәселе тек құрылыстың қай жылы жүргізілгенінде емес, нысанның не себепті бүгінгі мүшкіл жағдайға түскенінде. Қазіргі басшылық нысанның жағдайын білуге, оның құжаттарын зерделеуге және кемшіліктерді анықтауға міндетті емес пе?

Бұған қоса, Елшібаев нысанның бірнеше рет тексерілгенін айтады. Бірақ қандай тексеру? Кім жүргізген? Нақты қандай кемшіліктер анықталған? Тексеру қорытындысы бойынша қандай шара қабылданған? Егер бәрі талапқа сай болса, онда нысанның бүгінгі көрінісін қалай түсіндіреміз? Ал егер кемшіліктер анықталса, неге олар жойылмаған? ХАН ТВ редакциясына бұл мәселеге қатысты ешқандай дәлелді түрде құжат немесе ақпарат бере алмады әлде бергісі келмеді ме ол жағы Елшібаевтің өзіне аян.

Міне, осы сұрақтардың жауабы әзірге жоқ. Тексеруден өткен деген сөз нысанның сапалы салынғанын автоматты түрде дәлелдемейді. Керісінше, бірнеше рет тексерілген нысанның қазіргі жағдайы қосымша сауалдарды көбейтеді.

Тағы бір қызығы, халыққа қызмет көрсетуге арналған қоғамдық дәретхананың өзі үнемі ашық тұрмайды. Бөлім басшысының түсіндіруінше, нысанның айналасында тұрғын үйлер орналасқан. Түнгі уақытта бөгде адамдар келіп, тәртіп бұзатындықтан, есігін жауып қоюға яғни кілттеп қоюға мәжбүр екен. Ал ерекше жандар келгенде ғана ашылады екен. Ал олар қашан, қай уақытта келеді және қанша уақытта есігінің ашылатынын күтіп тұруы белгісіз. Бұл таңқаларлық жәйіт.

Сонда 18 миллион теңге жұмсалған қоғамдық нысанның негізгі міндеті қайда қалды? Халық пайдалануы үшін салынған дәретхана неге халыққа еркін қолжетімді емес? Егер қауіпсіздік мәселесі болса, оны шешудің басқа жолы жоқ па? Қомақты қаржы бөлініп, нысан салынған соң, оны күтіп ұстау, тазалығын қамтамасыз ету және қалыпты жұмысын ұйымдастыру да қарастырылуы керек емес пе?

Бюджет қаржысына салынған нысанның есігін жауып қою – оның тиімді пайдаланылып жатқанын білдірмейді. Керісінше, бұл да мемлекеттік қаражатқа салынған объектінің нақты мақсатына қаншалықты сай қызмет етіп отырғанына қатысты сұрақ туғызады.

Бірақ сұхбаттағы жауапсыз қалған сауалдар мұнымен шектелмейді. Біз бөлім басшысынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды арнайы арбалармен және басқа да техникалық құралдармен қамтамасыз ету жайын да сұрадық.

Елшібаевтың айтуынша, мүгедектігі бар азаматтарға арбалар бес жылда бір рет беріледі. Қажетті құралдар азаматтардың өтініші негізінде ұсынылады. Алайда қаржының уақытылы бөлінбеуі салдарынан кейбір өтініштерді орындау мерзімі созылып кетуі мүмкін.

Ал жыл сайын осы мақсатқа қанша қаражат жұмсалатынын сұрағанымызда, тағы да нақты жауап ала алмадық. Бөлім басшысы жыл қорытындысында есеп берілетінін ғана айтты. Сонда халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметке қанша қаржы бөлініп, оның қаншасы нақты игеріліп жатқанын білу үшін жыл соңын күту керек пе? Айта кетейік, Мақтаарал ауданында бүгінгі таңда 4 480-нен астам мүгедектігі бар азаматтар ресми тіркелген.

Одан бөлек, мекеме өкілі мүмкіндігі шектеулі 486 азаматтың тізімі жасалып, тиісті басқармаға жолданғанын жеткізді. Бірақ бұл тізімдегі адамдардың қаншасы қажетті арбамен қамтамасыз етілген? Қаншасы әлі кезекте тұр? Қандай қажеттіліктері қанағаттандырылмай отыр? Қарапайым статистикадан бөлек, нақты нәтиже қайда?

Мұндай сұрақтар әлеуметтік қолдаудың сапасына қатысты да күмән тудырады. Өйткені қағаз жүзінде жасалған тізім мен азаматтардың күнделікті өмірінде сезілетін нақты көмек – екі бөлек нәрсе.

Сұхбат барысында 16 орталықтың жұмысы және 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін қызметтер де сөз болды. Бөлім басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасып жатқанын, елеулі шағымдар түспегенін айтты. Бірақ мұнда да нақты көрсеткіштер, қызмет көрсету сапасы мен азаматтардың қажеттіліктері туралы ашық есеп қажет.

Дегенмен, осы мәселелердің бәрін бір арнаға тоғыстыратын басты сауал – мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы. Бір жағынан, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтар бар. Екінші жағынан, соларға қызмет көрсетуге жауапты мекеме қомақты қаржы жұмсалған нысанның нақты құнын атай алмай отыр. Ал халық көріп отырған нәтиже бөлінген қаражатқа сай келмейді. Енді бұл жағдайға тек түсіндірумен шектелуге болмайды. 14-18 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын анықтау үшін құрылыс сметасы, мердігермен жасалған келісімшарт, орындалған жұмыстар актілері мен нысанды қабылдау құжаттары жан-жақты тексерілуі керек. Қандай материалдар сатып алынғаны, қандай жұмыстар орындалғаны және олардың нақты құны салыстырылуы тиіс. Ең бастысы, нысанның қазіргі техникалық жағдайына тәуелсіз сараптама жүргізілуі қажет. Егер құжаттар мен нақты орындалған жұмыстар арасында сәйкессіздік анықталса, бұл жай ғана құрылыс сапасының төмендігі емес, бюджет қаражатын пайдалану кезінде заң бұзушылықтардың болуы мүмкін екенін көрсетеді. Мұндай жағдайда қаржылық бақылау органдары, яғни Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен облыстық прокуратура және мемлекеттік ішкі аудит департаменті тиісті құқықтық баға беруі керек.

Біз ешкімге дәлелсіз айып тағып отырған жоқпыз. Бірақ 14-18 миллион теңге бөлінген нысанның бүгінгі жағдайы, жауапты басшының нақты мәлімет бере алмауы және тексерулердің нәтижесі туралы толық ақпараттың болмауы – жай ғана көз жұма қарайтын мәселе емес. Қоғамның күмәні бар жерде мемлекеттік органдардың міндеті – ақталу емес, нақты құжаттармен жауап беру. Өйткені бұл жерде әңгіме бір дәретхананың ғана тағдыры туралы емес. Бұл – бюджет қаражатына деген жауапкершілік, мемлекеттік сатып алудың ашықтығы және халық ақшасының қаншалықты тиімді жұмсалып жатқаны туралы мәселе. Аса ірі көлемдегі қаржы бөлінді. Ал халық көріп отырған нәтиже қандай? Егер осындай қарапайым нысанның өзі сапалы салынбаса, бюджет қаражатының басқа бағыттарда қалай жұмсалып жатқаны туралы қандай сұрақтар туындауы мүмкін? Мемлекеттің ақшасы – шенеуніктердің емес, халықтың ақшасы. Сондықтан әрбір теңгенің сұрауы болуы керек. ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов мемлекеттік әрбір қаржысын бақылап заңсыз сыртқа кетіп жатқан қаржыларды кері қайтарып жатқан тұста іштен іріп жеу әрекеттері заңға қайшы келіп отыр. Шұғыл түрде бұл мәселені тергеп-тексеру шараларын қабылдауды жоғардағы аты аталған құзырлы органдардың назарын ұсынамыз.

Көтерілегін мәселені ХАН ТВ телеарнасы өз қаперінде ұстайды және қосымша ақпараттармен дүйім жұртпен бөлісетін болады.