Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Келес ауданына жұмыс сапары барысында аудан аумағындағы Б.Қонысбаев кеден бекетінің жұмысымен және облыстық маңызы бар КХ-20 «Абай–Ұшқын–Достық» автомобиль жолының 4+300 шақырымында орналасқан көпірдің қайта құру жұмыстарымен танысты.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары шекара маңындағы көлік қозғалысын реттеу, сондай-ақ электрондық кезек жүйесінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеді. Мұндағы жұмыс жүйесін Келес ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Мырзамұратов баяндады.
Кездесуде жүк көліктерінің кеден бекетіне ретсіз жиналуына жол бермеу, шекара маңындағы автокөлік кептелісін азайту және жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды. Осы бағыттағы негізгі тетіктердің бірі – электрондық кезек жүйесі. Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы автомобиль өткізу пункттері арқылы жүк көліктерін өткізу электрондық кезек жүйесі негізінде ұйымдастырылған. Аталған талап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Осыған орай, жүргізушілер мен тасымалдаушыларға шекарадан өтетін күнінен кемінде 4-5 күн бұрын электрондық кезекке тіркелу ұсынылады. Кезекке тұру «Qoldau» порталы немесе «CarGoRuqsat» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Жүргізуші өткізу пунктін таңдап, көлік құралының мәліметтерін енгізіп, шекарадан өтетін күн мен уақытты белгілейді.
Электрондық кезек жүйесі жүк көліктерінің қозғалысын алдын ала жоспарлауға, өткізу пунктіндегі жүктемені реттеуге және жол бойында ұзын-сонар кептелістің қалыптасуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, кеден бекетіне баратын жол бойындағы тазалық жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Қоршаған ортаны ластап, белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған жүк көліктерінің жүргізушілеріне әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны ескертілуде. Аумақтың тазалығын сақтау мен заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында дрондар арқылы бақылау жұмыстары да ұйымдастырылған.
Облыс әкімінің орынбасары шекара маңындағы көлік қозғалысын жүйелі реттеу, электрондық кезек тәртібінің сақталуын қамтамасыз ету және тазалық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау бағытында нақты міндеттер жүктеді.
Аралау жұмыстары облыстық маңызы бар КХ-20 «Абай–Ұшқын–Достық» автомобиль жолының 4+300 шақырымында орналасқан көпірдің құрылыс алаңында жалғасты. Нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын Келес аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алмас Абдуллаев баяндады.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында 15 жұмысшы мен 8 арнайы техника жұмылдырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Көпірдің тірек құрылымдарының шөгуіне байланысты 2025 жылғы желтоқсанда істен шыққан нысанды қайта құру жұмыстары биыл басталған. Құрылыс 2027 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда.
Еркебұлан Дауылбаев құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасына назар аударып, мердігер мекеме өкілдеріне нысанды белгіленген мерзімнен бұрын аяқтау мүмкіндігін қарастыруды міндеттеді. Сонымен қатар құрылыс талаптарын қатаң сақтап, жұмыстың сапасына басымдық беруді тапсырды.
Аталған көпірдің қайта жаңғыртылуы Абай, Ұшқын және Достық елді мекендері арасындағы қатынасты қалпына келтіріп, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

