Қазіргі заманғы балалардың өмірін смартфондар мен әлеуметтік желілерсіз елестету мүмкін емес. Бұл – білім мен ақпарат көзі ғана емес, сонымен қатар түрлі қатерлер (кибербуллинг, интернет-алаяқтық, жалған ақпарат және психологиялық қысым) жасырынған кеңістік.
Әсіресе балалар арасында кеңінен танымал TikTok, Instagram, Threads сияқты платформаларда жағымсыз контентке, бейтаныс адамдардың хабарламаларына және ашық агрессияға тап болу қаупі жоғары.
Осы орайда әрбір ата-ана баласының цифрлық әлемде қауіпсіз жүруін қадағалап, ата-аналық бақылауды жүзеге асыруы аса маңызды.
Ата-аналарға не істеу керек? Пайдалы кеңестер:
Әлеуметтік желілердегі құпиялылықты баптау:
• TikTok: Баланың аккаунтын «Жеке» (Private) режиміне ауыстырып, «Family Pairing» (Отбасылық баптаулар) функциясы арқылы өз телефоныңызға байлап қойыңыз.
• Instagram & Threads: Аккаунтты жабық қылдырып, «Parental Supervision» (Ата-аналық бақылау) құралын қосыңыз. Бұл баланың кімдерге жазылғанын және кімдер оған жазылғанын көруге мүмкіндік береді.
Экран уақытын шектеу:
Баланың телефонға тәуелді болып қалмауы үшін күнделікті гаджет қолдану уақытын (мысалы, күніне 1-1.5 сағат) қадағалаңыз.
Арнайы бақылау қосымшаларын орнату:
Google Family Link немесе Screen Time сияқты ресми сервистер арқылы баланың қандай қолданбалар пайдаланатынын көріп отырыңыз.
Интернет мәдениеті мен қауіпсіздігін түсіндіру:
• Жеке деректерін (мекенжайын, мектебін, ата-анасының телефон нөмірін) желіде жарияламауды айтыңыз.
• Тікелей хабарламаларда (Direct/DM) бейтаныс адамдардың жазуына жауап бермеуді және күдікті сілтемелерді баспауды ескертіңіз.
Ашық диалог орнату:
Балаңызбен достық қарым-қатынаста болыңыз. Егер оларға әлеуметтік желіде біреу қысым көрсетсе немесе күдікті жағдай орын алса, қорықпай сізге айтуы керектігін түсіндіріңіз.
ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН: Цифрлық қауіпсіздік – бұл тек тыйым салу емес, бұл баланың сенімді серігі болу және оған дұрыс бағыт-бағдар беру.
Баламыздың қауіпсіз болашағы үшін бірге сақ болайық!

