16/11/2026

Автобустарда балалар арбасын алып жүруге тыйым салынбаған: министр ата-аналардың шағымынан кейін ережелерді қайта қарауға уәде берді

Көлік министрі Әсел Жанасова әлеуметтік желілерде автобустарда балалар арбасын алып жүруге қатысты ата-аналардан көптеген өтініш түсуіне байланысты жолаушыларды тасымалдау қағидаларын қайта қарауға уәде берді.

Әсел Жанасова ата-аналардың шағымдарына Threads әлеуметтік желісінде жауап берді. Министр қоғамдық көлікте балалар арбасымен жүруге тыйым салынбағанын және мұндай шектеулер енгізу жоспарланбағанын атап өтті.

Министрдің айтуынша, егер бала ұйықтап жатса немесе ата-анаға арбаны жинау ыңғайсыз болса, қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, автобуста балалар арбасын жайылған күйінде алып жүруге болады.

«Кішкентай баласымен келе жатқаны үшін ешкім ата-ананы арбаны жинауға немесе автобустан түсуге мәжбүрлемеуі тиіс», – деді Жанасова.

Министр қолданыстағы талаптарды қайта қарау туралы шешімнің қабылдану себебін де түсіндірді.

«Ата-аналардан келіп түскен өтініштер мен сұрақтарды ескере отырып, жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті қағидаларды қайта қарау туралы шешім қабылдадым», – деп жазды ол.

Әзірге қағидаларға енгізілетін өзгерістердің мазмұны мен оларды қабылдау мерзімі белгісіз.

Еске салайық, 29 қыркүйектен бастап Қазақстанда жолаушыларды тасымалдаудың жаңартылған қағидалары күшіне енді. Оған сәйкес, автобус іші толып кеткен жағдайда, бірақ ата-ананың отыруына арналған бос орын болса, балалар арбасын жинау қажет. Сонымен қатар арба басқа жолаушылардың қозғалысына кедергі келтірмеуі тиіс.

Аталған талаптың тұжырымдалуына байланысты әлеуметтік желілерде балалар арбасын жайылған күйінде алып жүрген ата-аналарға автобусқа мінген кезде қызмет көрсетуден бас тартылуы мүмкін деген ақпарат тарады.

14 қарашада Көлік министрлігі қоғамдық көлікке балалар арбасымен кіруге тыйым салынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство арбаны жинаудан бас тартқан ата-аналарға айыппұл салу, оларды автобустан түсіру немесе басқа да шаралар қолдану көзделмегенін түсіндірді.