Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің аудан, қалаларында тұрақты түрде жеке қабылдау өткізіп келеді. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мақтаарал ауданындағы жұмыс сапары барысында кезекті жеке қабылдау өткізді. Жеке қабылдауға келген тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
Азаматтардың өтінішін тыңдаған өңір басшысы тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді. Халықтың өтініш-тілектері ескерусіз қалмайтынын және заң аясында шешілетінін жеткізді.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, өңірлерді дамыту және азаматтардың өзекті мәселелерін шешу бағытында нақты міндеттер жүктеді. Осы ретте тұрғындардың өтініштерін тыңдап, көтерілген мәселелерге дер кезінде назар аудару – біздің басты мақсатымыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Жеке қабылдауда тұрғындар инфрақұрылым, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салаға қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, мақта шаруашылығына субсидия бөлу, жергілікті шаруалардың құқықтарын қорғау, авариялық тұрғын үйге ауыз су тарту, каналдарды жөндеу, жолдарды ретке келтіру, көшелерді жарықтандыру және мектепке қосымша ғимарат салу мәселелері айтылды.
Ашық форматта өткен қабылдауға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, өтініштердің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Азаматтардың өтініші негізінде хаттамалық тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
Айта кетейік, облыс әкімінің аудандарға жұмыс сапары барысында халықты жеке қабылдап, тұрғындар айтқан түйткілдер реттілігіне қарай шешімін тауып келеді.
Облыс әкімі мен оның орынбасарлары жеке қабылдауды кестеге сәйкес тұрақты өткізуде. Жеке қабылдауға жазу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы арқылы және Азаматтарды қабылдау орталығына келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.

