Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасында жаңғыртудан өткен Түркістан облысындағы «Жібек жолы» және Ташкент облысындағы «Гишт-Көпір» өткізу пункттері ресми түрде жұмысын бастады.
Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру және 2027 жылдың соңына дейін барлық автомобиль өткізу бекеттерін сапалы жаңғыртуды аяқтау жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудағы маңызды жобалардың бірі.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев, Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Экономика және қаржы министрі Джамшид Кучкаров, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаев, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ералы Тоғжанов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов және екі елдің ресми делегациялары қатысты.
Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев пен Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Экономика және қаржы министрі Джамшид Кучкаров құттықтау сөз сөйлеп, жаңғыртылған инфрақұрылымның екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтудағы, сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамытудағы маңызын атап өтті.
Одан кейін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, жаңартылған өткізу пунктінің тарихи маңызына, екі ел арасындағы бауырластық байланыстарға және өңірдің транзиттік әлеуетін арттырудағы рөліне тоқталды.
– Бүгін біз Қазақстан мен Өзбекстанды жалғайтын «Жібек жолы» – «Гишт-Көпір» шекара бекеттерінің ашылу салтанатында бас қосып отырмыз. 2025 жылы басталған ауқымды жаңғырту жұмыстары сәтті аяқталды. Бұл – жай ғана жаңартылған нысанды іске қосу емес, екі ел арасындағы тату көршілік пен бауырластық қатынастарды нығайту жолындағы маңызды қадам. Сонымен қатар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға серпін беретін жоба.Қазақстан мен Өзбекстан – тамыры бір, тарихы ортақ халықтар. Бізді сан ғасырлық тарих, ортақ дәстүр, терең мәдени байланыс біріктіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Миромонұлы Мирзиёевтің саяси ерік-жігерінің арқасында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа белеске көтерілді. Ынтымағымыз нығайып, байланысымыз кеңейіп келеді.Екі бауырлас мемлекет 2030 жылға қарай өзара сауда көлемін 10 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Бұл межеге жетуде шекара бекеттерінің алатын орны ерекше. Өйткені сауда да, достық та жолдан басталады.Бүгін бекет жаңа деңгейге көтерілді. Көлік қозғалысының жолақтары төртеуден алтыға артып, өткізу қабілеті еселеп өсті. Тәулігіне жаяу адамдарды өткізу мүмкіндігі 4 есеге – 17 мыңнан 70 мыңға дейін, жеңіл көліктерді өткізу 5 есеге – 400-ден 2 мыңға дейін, автобустарды өткізу 10 есеге – 20-дан 200-ге дейін артып отыр. Мұнда цифрлық бақылау мен қауіпсіздік жүйелері енгізілген. Мұның бәрі азаматтардың шекарадан жылдам әрі қолайлы өтуіне мүмкіндік береді. Жаңарған өткізу пункті екі бауырлас елдің достығы мен экономикалық байланыстарын нығайта беретініне сенімдімін! Шекарамыз берік, ынтымағымыз мәңгі болсын! – деді Нұралхан Көшеров.

