Түркістан қаласындағы № 5574 әскери бөлімінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы және «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасы аясында «Әскердегі бір күнім!» атты ашық есік күні ұйымдастырылды.
Тағылымды шараға қаладағы білім беру ұйымдарынан 150-ден астам оқушы қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделін арттыру, әскери қызметтің ерекшеліктерін таныстыру, әскери мамандықтарды насихаттау, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру.
Ашық есік күнінде оқушылар әскери бөлімнің саптық алаңында сапқа тұрып, әскери пәрмендерді орындап көрді. Сонымен қатар оқушылар казармалық ғимараттарды аралап, сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты. Әскери бөлімнің құрылу тарихы, жауынгерлік жолы мен бүгінгі қызметі туралы мағлұмат алды. Бұдан бөлек, АК-74 автоматы және басқа да қару-жарақ үлгілері мен әскери киім нысандары таныстырылды. Сондай-ақ әскери техника мен көлік құралдарының мүмкіндіктері және қолданылу ерекшеліктері түсіндірілді.
Ашық есік күні оқушыларға әскери қызметтің қыр-сырын жақыннан танып, әскери өмірдің өзіндік тәртібі мен талаптарын сезінуге мүмкіндік берді. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери қызметтің маңызын түсіндіру және ел қорғау ісіне деген құрметті арттыру бағытындағы тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

