05/10/2026

ЖАЗҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫ 1 АЛТЫН, 3 КҮМІС ЖӘНЕ 3 ҚОЛА МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

Жапонияның Аичи-Нагоя қалаларында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өткен ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы 84 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады. Оның ішінде 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде бар.

Құрлықтың басты спорт додасында ел намысын қорғаған Түркістан облысының спортшылары да жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан құрамасының қоржынына елеулі үлес қосты. Өңірден 35 спортшы спорттың 14 түрінен сынға түсіп, 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль иеленді.
Атап айтқанда, академиялық есуден ерлер арасындағы қос қайық (M2−) жарысында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен Владислав Яковлев пен Иван Чернухин алтын медаль жеңіп алды.
Ал байдарка мен каноэде есуден сынға түскен Ольга Шмелёва екі бағдарлама бойынша күміс және қола жүлдеге қол жеткізді. Каратэден Әсел Қанай күміс медаль иеленсе, командалық сында дзюдодан Айдар Арапов күміске қол созды. Ал еркін күрес шебері Едіге Қасымбек пен әйелдер күресінен Нилуфар Раимова қола жүлдегер атанды.
Осылайша, Түркістан облысының спортшылары халықаралық аренада шеберліктерін дәлелдеп, өңір спортының жетістіктерін толықтырды.
Өткен Азия ойындарымен салыстырғанда нәтиже де жақсарған.
Еске сала кетейік, 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 10 алтын, 22 күміс және 48 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 11-орынға жайғасқан еді.
Сол додада Түркістан облысының 27 спортшысы спорттың 13 түрінен Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп, 2 күміс және 2 қола медаль еншілеген болатын. Байдарка мен каноэде есуден Ольга Шмелёва мен Ульяна Кисилёва күміс жүлдеге қол жеткізсе, бокстан Сағындық Тоғамбай мен каратэші Әсел Қанай қола медаль иеленген еді. Биылғы Азия ойындарында облыс спортшыларының саны 27-ден 35-ке артып, жүлделер саны 4-тен 7-ге жетті.