Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Абай облысында үш жылдан астам уақыт бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысын ашты.
2023 жылдың қыркүйек айында полицияға күйеуін іздестіруге көмек көрсету туралы өтінішпен әйел адам жүгінген. Оның айтуынша, жұбайы жұмыс істеу үшін үйінен кетіп, кейін байланысқа шықпай қойған. Сол уақытта қажетті іздестіру және жедел-іздестіру шаралары жүргізілгенімен, ер адамның жүрген жерін анықтау мүмкін болмаған.
Соған қарамастан, хабар-ошарсыз кеткен азаматтың тағдырын анықтау жұмыстары тоқтатылған жоқ. Полиция қызметкерлері оқиғаның әртүрлі нұсқаларын жан-жақты тексеріп, оның жоғалуына қатысы болуы мүмкін адамдарды анықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізді.
Жедел-іздестіру шаралары барысында құқық қорғау органдарының назарына бір азамат ілікті. Анықталғандай, аталған кісі өлтіру қылмысын жасағаннан кейін ол басқа қылмыс бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып, кейін бас бостандығынан айырылған.
Оның ер адамның жоғалуына ықтимал қатысын тексеру мақсатында қосымша кешенді жұмыстар ұйымдастырылды. Нәтижесінде күдікті кінәсін мойындап, қылмыстың мән-жайын егжей-тегжейлі баяндап, ер адамның мәйіті жасырылған жерді көрсетті.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс айыптау актісімен бірге сотқа жолданды.
Ішкі істер министрлігі бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырады. Әрбір қылмысқа құқықтық баға беріліп, кінәлілер заң алдында лайықты жазасын алуы тиіс. Жазаның бұлтартпастығы қағидаты ішкі істер органдары қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.

