02/11/2026

ҚАЗАҚСТАН – АҚШ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН АРИЗОНА ШТАТЫ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛЕДІ

Түркістан облысы мен АҚШ-тың Аризона штаты арасындағы әріптестік байланыстарды нығайтып, білім беру, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Осы бағыттағы мәселелер Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының құрметті консулы Хью Холлманмен кездесуінде талқыланды.

Кездесуде тараптар өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту, инвестициялық және білім беру жобаларын жүзеге асыру, озық технологияларды енгізу, сондай-ақ сала мамандары арасында тәжірибе алмасу мәселелеріне басымдық берді.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек қонақтарға Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып, екіжақты серіктестікті дамытуға өңір тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Киелі Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бұған дейінгі кездесулеріңізде бірқатар саланы дамыту және өзара тәжірибе алмасу бағытында маңызды келіссөздер жүргізілген болатын. Біз нақты нәтижеге бағытталған, өңіріміздің дамуына серпін беретін әлеуетті бастамаларды әрдайым қолдауға дайынбыз. Бүгінде Түркістанда білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Қалада Қазақ-Корей бірлескен жоғары оқу орны жұмыс істейді. Жуырда оқу орнының екінші корпусының құрылысы басталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен туризм – өңіріміз үшін стратегиялық маңызы бар салалар. Осы бағыттарға АҚШ-тың озық технологиялары мен үздік тәжірибесін енгізу өзекті. Ұсынылған жобаларға қызығушылық танытып отырмыз, – деді Қанат Қайыпбек.
Өз кезегінде АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының құрметті консулы Хью Холлман Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысымен байланысты дамытуға ерекше қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
– АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған мемлекет. Бүгінде Қазақстан – АҚШ-тың Орталық Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Біз Қазақстанның бірқатар өңірімен бірлесіп, ауқымды жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Бұл ретте алғашқы басымдықтардың бірі Түркістан облысына берілді. Қазірдің өзінде Түркістан өңірінің әлеуетін АҚШ-та таныту бағытында жұмыс жүргізіп келеміз. Сіздерді негізгі серіктестеріміздің бірі ретінде қарастырамыз. Алдағы уақытта өзара қолдаудың арқасында нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенеміз, – деді Хью Холлман.
Сондай-ақ ол Түркістан облысының делегациясын Аризона штатына арнайы барып, тәжірибе алмасуға шақырды. Сапар аясында білім беру, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы озық жобалармен танысып, өзара тиімді әріптестікті дамыту мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде Аризона университетінің сертификаттық бағдарламасы енгізілген. Алдағы кезеңде екі өңірдің жоғары оқу орындары арасында студенттер алмасу бағдарламасын іске асыру мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар Аризона университетінің филиалын Түркістан қаласында ашу жөнінде жоспар бар.
Кездесуде көтерілген бастамалар жіті зерделеніп, тиісті шешімдер қабылданатын болады.
Бұл бастамалар өңірдің білім беру жүйесін халықаралық деңгейде дамытуға, жастардың академиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен туризм салаларына жаңа технологиялар мен заманауи басқару тәжірибесін тартуға жол ашады.