Шымкенттегі бірқатар мемлекеттік мектепте директор лауазымы бірнеше айдан бері бос тұр. Кейбір білім беру ұйымдары жылдар бойы уақытша басшылардың басқаруымен жұмыс істеп келеді. Ал жарияланған конкурстардың нәтижелері туралы ақпарат көп жағдайда қоғамға қолжетімді емес. Оның үстіне, мектептерге уақытша басшы ретінде қалалық білім басқармасының әдістемелік бөлімінің қызметкерлері де тағайындалған. Мұндай тәжірибе заң талаптарына қаншалықты сәйкес келеді? Конкурстық іріктеу рәсімдері неге барлық білім беру ұйымдарында бір мезгілде өткізілмейді?
Шымкент қаласының білім беру жүйесінде қалалық Білім басқармасының ресми түсіндірмесін және бақылаушы органдардың құқықтық бағасын қажет ететін жағдай қалыптасып отыр. Әңгіме мемлекеттік мектептердің бірінші басшыларын тағайындау мәселесі туралы. Жекелеген білім беру ұйымдарында басшылыққа қатысты кадрлық белгісіздік ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келеді.
Бір мектептерде конкурс нәтижесі бойынша тұрақты директор тағайындалып жатса, енді бірінде басшының міндетін уақытша атқарушылар жұмысын жалғастыруда. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, кейбір мекемелерде уақытша басқару мерзімі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген шектен едәуір асып кеткен.
Осы орайда заңды сұрақ туындайды: неге бір мектепте директор қызметі босай салысымен конкурс жарияланады, ал басқа білім беру ұйымдарында басшылық лауазымдары бірнеше ай, тіпті жылдар бойы бос күйінде қалады?
Уақытша басқарудың алты айы жылдарға созылып кеткен жағдайлар
Қазақстанда мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау тәртібі 2025 жылғы 31 наурыздағы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің №57 және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің №96 бірлескен бұйрығымен реттеледі.
Аталған қағидалардың 2-тарауының 7-тармағына сәйкес, бірінші басшының бос немесе уақытша бос лауазымына оның міндетін атқару конкурс рәсімдері аяқталғанға дейін тиісті білім беру ұйымы басшысының орынбасарына немесе педагогіне жүктеледі. Бұл ретте уақытша міндет атқару мерзімі алты айдан аспауға тиіс.
Сонымен қатар қағидалардың 9-тармағында бос лауазым пайда болған күннен бастап 20 жұмыс күнінен кешіктірмей конкурс өткізу туралы хабарландыруды мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жариялау көзделген.
Яғни заңнамада басшының міндетін уақытша атқару тәртібі ғана емес, конкурстық іріктеуді ұйымдастыру мерзімдері де нақты белгіленген.
Алайда Шымкенттегі бірқатар мектептің кадрлық жағдайына қатысты қолда бар мәліметтер осы талаптардың іс жүзінде қаншалықты орындалып жатқанына күмән келтіреді.
Бірқатар мектеп жылдар бойы тұрақты директорсыз жұмыс істеп келеді
Нақты мысалдарға тоқталайық.
Дарынды балаларға арналған Тасова атындағы №1 мамандандырылған мектеп-интернатында 2025 жылдың ақпан айынан бері тұрақты директор жоқ. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, осы уақытқа дейін аталған лауазымға конкурс жарияланбаған.
№84 мектеп 2024 жылдың қараша айынан бері тұрақты басшысыз жұмыс істеп келеді. Бір жарым жылдан астам уақыт бойы директордың міндетін оның орынбасары атқарып отыр. Ашық дереккөздерде бұл лауазымға конкурс жарияланғаны туралы мәлімет кездеспейді.
Осыған ұқсас жағдай №44 мектепте де қалыптасқан. Мұнда 2025 жылдың қаңтар айынан бері тұрақты директор жоқ. Мектеп басшысының міндетін оқу ісі жөніндегі орынбасары атқарып келеді. Конкурстық іріктеу өткізілгені туралы ақпарат та жарияланбаған.
№133 мектепте де 2025 жылдың мамыр айынан бері тұрақты басшы тағайындалмаған. Бұл лауазымға конкурс жарияланғаны жөнінде ашық ақпарат жоқ.
№45 гимназия мен №9 лицейге қатысты да уақытша басқарудың ұзаққа созылуы жөнінде сұрақтар туындаған болатын. Осы білім беру ұйымдарында басшылық лауазымдарының қашан босап қалғанын және қандай кадрлық рәсімдер жүргізілгенін Білім басқармасы нақты түсіндіруі қажет.
Аталған жағдайлар бұл мәселені жүйелі түрде тексеру қажеттігін көрсетеді. Егер басшылық лауазымдары ұзақ уақыт бойы бос тұрса, Білім басқармасы конкурстық іріктеудің не себепті өткізілмегенін түсіндіріп, оның қашан ұйымдастырылатынын хабарлауға тиіс.
Жаңа мектептер де тұрақты басшысыз жұмыс істеп тұр
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған білім беру ұйымдарының жағдайы да ерекше назар аударуды қажет етеді.
Жобаның негізгі мақсаты – заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыру және балалардың оқу жағдайын жақсарту. Алайда жаңа ғимараттар мен заманауи жабдықтардың болуы кадрлық және ұйымдастырушылық басқару мәселелерін өздігінен шешпейді.
Мәселен, №149 мектеп 2025 жылдың қаңтар айынан бері тұрақты директорсыз жұмыс істеп келеді. Қолда бар мәліметке сәйкес, бұл лауазымға конкурс жарияланбаған.
Тағы бір мысал – №147 жайлы мектеп. Қолда бар ақпарат бойынша, білім беру мекемесі ашылған сәттен бастап тұрақты директорсыз жұмыс істеп келеді. Бірінші басшы лауазымына конкурс өткізілгені туралы мәлімет жоқ.
Осылайша, жаңа білім беру ұйымдары толыққанды жұмысын бастап, оқушыларды қабылдап, педагогикалық ұжымдарын жасақтағанымен, тұрақты басшы тағайындау мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппаған.
Бұл ата-аналар мен педагогтер үшін жай ғана кадрлық мәселе емес. Өйткені мектеп директоры білім беру процесін ұйымдастыруға, ұжымды басқаруға, қаржы-шаруашылық қызметіне және оқушылардың қауіпсіздігіне жауап береді. Сондықтан мұндай мекемелерде басшылықтың тұрақты болуының маңызы зор.
Қалалық білім басқармасының әдіскерлері неге мектеп директорларының міндетін атқарады?
Кадр саясатына қатысты тағы бір мәселе – Шымкент қаласының Білім басқармасында қызмет ететін әдістемелік бөлім мамандарының мектептерге уақытша басшы болып тағайындалуы.
Редакцияға келіп түскен ақпаратқа сәйкес, бірқатар білім беру ұйымында бірінші басшының міндетін қалалық Білім басқармасының қызметкерлері атқарып жүр.
Атап айтқанда:
— №145 мектепті еңбек өтілі 36 жылды құрайтын уақытша басшы басқарады;
— Тасова атындағы №3 мектеп-интернаттың басшылығын еңбек өтілі 23 жылды құрайтын қызметкер атқарып отыр;
— №142 мектепте еңбек өтілі 23 жылдық әдіскер директордың міндетін атқарады;
— №149 мектепте директордың міндеті еңбек өтілі 13 жылды құрайтын әдіскерге жүктелген.
Әрине, ұзақ жылдық еңбек өтілі маманның мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін көрсетуі мүмкін. Алайда бірінші басшы лауазымына тағайындау кезінде жалпы еңбек өтілі ғана емес, қолданыстағы біліктілік талаптарына сәйкестігі де ескерілуі қажет.
Қолданыстағы қағидалар мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары міндетін уақытша атқаратын тұлғаларға белгілі бір талаптар қояды. Атап айтқанда, соңғы екі жылдағы нормативтік актілерде көзделген педагогикалық еңбек өтілінің болуы немесе білім беру ұйымы басшысының орынбасары не басшысы лауазымындағы тиісті жұмыс тәжірибесінің болуы ескерілуі тиіс.
Редакцияға ұсынылған ақпаратта аталған қызметкерлердің барлығы осы талаптарға сәйкес келе ме, жоқ па, оны анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтер жоқ.
Айта кету керек, әдіскердің мектеп директоры міндетін уақытша атқаруға тағайындалуы өздігінен заң бұзушылық болып саналмайды. Алайда мұндай шешімнің тиісті құқықтық негізі болуы және тағайындалған тұлғаның біліктілік талаптарына сәйкестігі құжаттармен расталуы қажет.
Сондықтан Білім басқармасы әдістемелік бөлім қызметкерлерін мектептердің уақытша басшылары етіп тағайындау қандай бұйрықтар негізінде жүзеге асырылатынын, олардың біліктілік талаптарына сәйкестігін кім тексеретінін және мұндай кадрлық шешімдердің қажеттілігі немен түсіндірілетінін нақтылауы тиіс.
Сондай-ақ жекелеген білім беру ұйымдарында уақытша басқарудың неліктен соншалықты ұзаққа созылғанын түсіндіру қажет.
Конкурстар жарияланады, бірақ нәтижелері белгісіз
Шымкент қаласының Білім басқармасының ресми сайтында жарияланған ақпараттарды зерделеу қалада конкурстық іріктеу рәсімдері жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Оның үстіне, кейбір жағдайларда директор қызметі босай салысымен конкурс жарияланған.
Мәселен, 2025 жылдың наурыз айының ортасында басқарма №128 мектеп пен «Білім-инновация №1» ұлдарға арналған лицей-интернаты директорларының лауазымдарына конкурс жариялаған. Алайда редакция зерделеген жарияланымдардан осы конкурстардың түпкілікті нәтижелері туралы толық ақпарат табылмады.
2025 жылғы 8 сәуірде Пушкин атындағы №1 гимназия мен №13 мектеп басшыларының лауазымдарына конкурс жарияланды.
Бір қызығы, №1 гимназия директорының лауазымына конкурс бұрынғы басшымен еңбек шарты зейнеткерлік жасқа толуына байланысты бұзылғаннан кейін үш күн өткен соң жарияланған.
24 сәуірде басқарма №28 мектеп пен №89 IT-мектеп-лицейінің басшылары лауазымдарына конкурс өткізу туралы хабарландыру жариялады.
14 мамырда тағы да жаңа хабарландырулар шықты. Бұл жолы №34, №128 мектептер мен №89 IT-мектеп-лицейінің директорлық лауазымдарына конкурс жарияланды. Осылайша, №89 мектеп-лицейінің директоры лауазымына конкурс қайта өткізілген.
2025 жылғы 29 мамырда Білім басқармасы басшылық қызметтерге үміткерлер іздеу туралы хабарландыруларды қайта жариялады. Бұл жолы №98 және №145 мектептерге конкурс жарияланды. Сонымен қатар Пушкин атындағы №1 гимназия директорының лауазымына да конкурс қайта өткізілетіні хабарланды.
Жалпы білім беретін №143 мектептегі жағдай да ерекше назар аударуды қажет етеді.
2026 жылғы 29 қазанда Білім басқармасы аталған мектептің жаңа директорын іздеу туралы хабарландыру жариялады. Ал қолда бар ақпаратқа сәйкес, бұрынғы директор сот арқылы өзін жұмыстан шығарудың заңсыз екенін дәлелдеген.
Егер сот шешімі заңды күшіне енген болса, басқарманың осы лауазымға қайта конкурс жариялауы қандай құқықтық негізге сүйенгенін анықтау қажет. Әсіресе ведомствоның сот шешімі туралы қашан хабардар болғанын және кадрлық шешім қабылдау кезінде оның қалай ескерілгенін білу маңызды.
Бұл жағдай Білім басқармасы тарапынан жеке түсіндірмені қажет етеді.
Сонымен бірге конкурстың қайта жариялануы өздігінен заң бұзушылықты білдірмейтінін ескерген жөн. Заңнамада алдыңғы іріктеу белгіленген негіздер бойынша өтпеді деп танылған жағдайда конкурсты қайта өткізуге жол беріледі.
Алайда осы жерде тағы бір сұрақ туындайды: конкурстардың нәтижелері, тағайындалған басшылар және іріктеудің неліктен қайта өткізілгені туралы ақпарат неге қоғамға жүйеленген әрі қолжетімді түрде ұсынылмайды?
Аталған мектептердің директорлары кімдер болып тағайындалды? Қандай конкурстар жеңімпаздарды тағайындаумен аяқталды, ал қайсысы өтпеді деп танылды? Неліктен кейбір басшылық лауазымдары әлі күнге дейін бос тұр?
Бұл сұрақтарға берілетін жауаптар қаладағы кадр саясатының ашықтығын бағалау үшін аса маңызды.
Неліктен бір мектепте конкурс жедел өткізіледі, ал екіншісінде өткізілмейді?
Қолда бар мәліметтерді салыстыру басшылық лауазымдарын босату және оларды тағайындау мәселесінде бірізділіктің жоқ екенін көрсетеді.
Бір білім беру ұйымында директор қызметі босай салысымен конкурс жарияланады. Ал екіншісінде бос лауазым ұзақ уақыт сақталып, конкурстық іріктеудің басталғаны туралы ашық ақпарат берілмейді.
Сонымен қатар тұрақты басшылары тағайындалмаған мекемелердің арасында Білім басқармасының өз әдістемелік бөлімінің қызметкерлері уақытша басқарып отырған мектептер де бар.
Әрине, мұндай сәйкестіктің өзі іріктеу тәсілінде әдейі артықшылық беру, конкурстық рәсімдерді айналып өту немесе таңдамалы көзқарас бар екенін дәлелдемейді.
Алайда бұл жағдай ведомствоның кадрлық жұмысына қатысты нақты сұрақтар туындатады.
Конкурстарды өткізу кезектілігін кім анықтайды? Олардың жариялану мерзімдеріндегі айырмашылықтар немен байланысты? Неліктен бір мектептегі бос лауазым ашық конкурсқа жедел шығарылса, екіншісінде ұзақ уақыт бойы уақытша басқару тәртібі сақталады?
Конкурстық іріктеу – жай ғана формальды рәсім емес. Бұл кадрлық шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және үміткерлердің басшылық лауазымдарға тең қол жеткізуіне мүмкіндік беретін заңда көзделген тетік.
Сондықтан қоғам қаладағы барлық мемлекеттік мектеп директорларын тағайындау кезінде бірыңғай әрі түсінікті тәсіл қолданылуын талап етуге құқылы.
Білім басқармасы мен прокуратура жауап беруі тиіс сұрақтар
Жоғарыда баяндалған мән-жайларды ескере отырып, редакция Шымкент қаласының Білім басқармасынан төмендегі сұрақтарға ресми түсініктеме беруді қажет деп санайды:
- Бүгінгі таңда қаладағы қанша мемлекеттік білім беру ұйымында конкурстық іріктеу нәтижесінде тұрақты басшы тағайындалмаған?
- Аталған білім беру ұйымдарының әрқайсысында бірінші басшының лауазымы қай уақыттан бері бос тұр?
- №84, №44, №133, №149, №147 мектептері мен Тасова атындағы №1 мамандандырылған мектеп-интернатының директорлық лауазымдарына неліктен конкурс жарияланбаған?
- Аталған білім беру ұйымдарында басшылардың міндетін ұзақ уақыт бойы уақытша атқару қандай құқықтық негіздерге сүйеніп жүзеге асырылып келеді?
- Міндеттерді уақытша атқарудың белгіленген мерзімін өзгертуге мүмкіндік беретін заңнамада көзделген ерекшеліктер қолданылды ма? Егер қолданылса, қандай құқықтық нормалар негізге алынды?
- Директор міндетін атқарушы болып тағайындалған әдіскерлер қолданыстағы біліктілік талаптары мен еңбек өтіліне қойылатын талаптарға сәйкес келе ме?
- Оспанова, Шорахмет, Қосыбаева және Айтымбетов есімді қызметкерлердің белгіленген талаптарға сәйкестігі қандай құжаттармен расталады?
- Қаладағы әртүрлі мектептердің басшылық лауазымдарына конкурс жариялау мерзімдеріндегі айырмашылықтар немен түсіндіріледі?
- Бұған дейін жарияланған конкурстардың, соның ішінде №89, №128, №145 мектептер мен Пушкин атындағы №1 гимназия және басқа да білім беру ұйымдары бойынша іріктеулердің түпкілікті нәтижелері қандай?
- Бұрынғы директордың жұмыстан шығарылуын сот заңсыз деп танығаннан кейін №143 мектеп директорының лауазымына қайта конкурс жариялаудың құқықтық негіздері қандай?
- Білім басқармасы бірінші басшылардың барлық бос лауазымдары бойынша конкурстық іріктеу өткізуді жоспарлап отыр ма? Егер жоспарланса, нақты мерзімдері қандай?
Шымкент қаласының прокуратурасы тарапынан да мемлекеттік мектеп директорларының міндетін уақытша атқарушыларды тағайындау және конкурстық іріктеу рәсімдерін ұйымдастыру кезінде заңнама талаптарының сақталуына ерекше назар аударылғаны жөн.
Тиісті негіздер болған жағдайда тексеру барысында бос лауазымдардың пайда болған күндері, уақытша тағайындау туралы бұйрықтар, тағайындалған тұлғалардың біліктілігін растайтын құжаттар, белгіленген мерзімдердің сақталуы және өткізілген конкурстардың нәтижелері қамтылуы қажет.
Уақытша басшылық тұрақты тәжірибеге айналмауы тиіс
Мемлекеттік мектептің директоры – жай ғана әкімшілік қызмет емес. Оның қабылдаған шешімдері білім беру процесін ұйымдастыруға, кадр саясатына, қаржы-шаруашылық қызметіне, оқушылардың қауіпсіздігіне және ата-аналармен өзара байланысқа тікелей әсер етеді.
Әрбір білім беру ұйымының артында жүздеген, кейде мыңдаған бала, педагогикалық ұжым және мектептің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне мүдделі отбасылар тұр.
Сондықтан тұрақты басшының ұзақ уақыт бойы болмауын тек Білім басқармасының ішкі кадрлық мәселесі ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – заң талаптарының сақталуы, мемлекеттік рәсімдердің ашықтығы және басқарушылық жауапкершілік мәселесі.
Егер нормативтік құқықтық актілерде конкурс өткізу мен міндеттерді уақытша атқарудың нақты мерзімдері белгіленсе, олар міндетті түрде сақталуы тиіс. Ал егер ведомство арнайы құқықтық негіздерге немесе заңнамада көзделген ерекшеліктерге сүйенсе, қоғамға тиісті түсініктеме берілуі қажет.
Шымкент мектептеріне айлар бойы жалғасатын уақытша тағайындаулар мен кадрлық шешімдердің жария түрде түсіндірілмеуінен туындайтын белгісіздік емес, тұрақты әрі жүйелі басқару қажет.
Басты мәселе – жекелеген мектептерде неліктен әлі күнге дейін тұрақты директор жоқ деген сұрақпен ғана шектелмейді. Шымкентте кадрлық шешімдер қандай бірыңғай қағидалар негізінде қабылданады, олардың сақталуын кім бақылайды және конкурстар мен олардың нәтижелері туралы ақпарат неліктен қоғамға әрдайым қолжетімді емес деген сауалдарға жауап табу маңызды.
Бұл сұрақтардың жауабын тек журналистер ғана емес, ата-аналар, педагогтер және қала тұрғындары да білуге құқылы.

