13 қарашада Айбек Дадебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары мәселелеріне қатысты заң жобасы алдағы Құрылтай отырысының күн тәртібіне енгізілді.
Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген. Онда деструктивті контент таратқаны үшін цифрлық платформалардың жауапкершілігін белгілеу және балаларды интернеттегі қауіп-қатерден қорғау шаралары қарастырылған.
Мәдениет министрлігі қандай өзгерістер ұсынды?
Бұқаралық ақпарат құралдары мен контент авторларына қатысты:
- Редакциялар өз материалдарында пайдаланатын мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын арнайы белгілеуге міндеттеледі.
- Адамдардың фотосуреттерін олардың келісімінсіз пайдалануға қатысты талаптар нақтыланады. Ерекшелік ретінде адамның қызметтік немесе жария қызметіне байланысты түсірілген фотосуреттер қарастырылады. Ал жеке және отбасылық өміріне қатысты суреттер бұл талапқа жатпайды.
- БАҚ атаулары мен интернет-басылымдардың домендік атауларында қорлайтын сөздер мен тіркестерді пайдалануға тыйым салу ұсынылады. Сонымен қатар редакциялар өздерінің онлайн-платформалардағы аккаунттары болса, олар туралы мәліметтерді көрсетуі тиіс.
- Ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін ақпарат жарияланған жағдайда, теріске шығару сол ақпарат орналастырылған аккаунтта немесе ашық қауымдастықта жариялануы қажет.
- Білім беру курстарының авторлары өздерінің бейіндік білімі, дипломы немесе сертификаты туралы ақпаратты көрсетуге міндеттеледі.
- Бал ашу, астрология, магия, экстрасенсорика және таро сияқты оккульттік қызметтер туралы материалдарда олардың ойын-сауық сипатында екені және ғылыми немесе практикалық тұрғыдан расталмағаны туралы ескерту берілуі тиіс.
Онлайн-платформалар мен пайдаланушыларға қатысты:
- 16 жасқа толмаған балаларға мессенджерлерден басқа әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салу ұсынылады. Пайдаланушылардың жасын тексеру міндеті платформалардың өзіне жүктеледі.
- Жазылушылар саны 5 мыңнан асатын ашық қауымдастықтардың пайдаланушылары мен модераторларының арнайы тізілімін құру көзделген. Олар жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтерді ұсынуға және тиісті ақпаратты өз аккаунттарында көрсетуге міндеттеледі.
- Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында балағат сөздерді қолдануға тыйым салу ұсынылады. Осы мақсатта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің ұсақ бұзақылыққа қатысты 434-бабына өзгерістер енгізу көзделіп отыр.
Түзетулер үш оқылымда қаралғаннан кейін депутаттар заң жобасына қатысты шешім қабылдайды. Құжат мақұлданған жағдайда, Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

